Басты жаңалықтар

Сәнияның бір күні

Мемлекеттік қызметкер. Ол кім? Мүмкін сырттай қарағанда тау қопарып, тас қашап жатқан ештеңесі жоқ қарапайым қызмет иесі шығар. Әлде, анау ойлағандай, түк бітірмесе де, мұрнын көкке көтерген мансапқор ма?

Бәлкім жарғақ құлағы жастыққа тимейтін нағыз еңбектің адамы болар?

Оны мемлекеттік қызметкер болып көрген адам ғана біледі немесе біз секілді оның қасында бір күн бірге жүрген сырткөз ғана бағамдай алуы мүмкін. Сонымен…

«Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Сәния Қалдығұлованың бір жұмыс күні». Біз сол күнгі, 30 маусым күнгі жұмысымызды солай атадық. Өйткені, таңнан кешке дейін журналист ретінде С.Қалдығұлованың қалай жұмыс жасайтынын бақыладық. Сонымен…

 

30 маусым. Таңертеңгілік. Сағат 9.30.

 

… Біз (қасымда «Актюбинский вестник» газетінің тілшісі бар) қалалық әкімдікке таңертеңгі 9.30-да бардық. Жұмыс енді басталған болар деп едік. Олай емес екен. Біз барғанша Сәния Қалдығұлова бірнеше мәселеге байланысты қабылдаулар өткізіп тастапты.

— Ертеңнен, яғни, 1 шілдеден бастап жаңадан ашылған жұмыспен қамту орталығы өз жұмысын бастайды. Соның жұмысты бастауға дайындығын бір пысықтап алдық. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жұмыспен қамту мәселелеріне байланысты функциясы енді өз алдына отау тіккен бөлек орталықта жүзеге асырылатын болады. Бұл аталған бағыттағы жұмыстарды жүйелі әрі нәтижелі жүргізуге септігін тигізері сөзсіз.

Екінші қабылдау — мемлекетке қарызы бар адамның мәселесіне қатысты болған.

— Түйінді шешудің жолын қарастырамыз. Менің қабылдауыма келген адамның материалдық жағдайын анықтауға қатысты тапсырма берілді, соған байланысты нақты шешім шығаруға тырысамыз.

 

  • Әңгіме арасында:

Бұл кабинетке әркім белгілі бір мәселенің шешімін іздеп келеді. Мысалы, жеке кәсіпкер Зәмзәгүл Баймағанбетова 220 орындық балабақша құрылысын салу жұмыстарына қажетті құжаттарын реттеп жүр. Әлеуметтік салаға жауап беретін қала әкімі орынбасарының айтуынша, жергілікті атқарушы билік мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің көбеюіне мүдделі.

—  Елбасымыз балабақшаларды көбейтуге жеке кәсіпкерлік саласы да атсалысуы қажеттігін айтқан-ды. Сондықтан, әкімдік тарапынан балабақша саламын деушілерге сөзсіз қолдау көрсетіледі. Яғни, бұл жұмысты жүзеге асыру барысында кездесетін мәселелерді шешуге көмектесу қажет, бюрократияға жол бермеу керек. Аталған кәсіпкер бұрын да бір балабақша салған болатын, қазір ол өз деңгейінде жұмыс жасап жатыр. Екінші салатын балабақша 220 орындық болады.

С.Қалдығұлованың айтуынша, жыл аяғына дейін Ақтөбеде алты балабақша пайдалануға беріледі. Бұған қоса қазір әкімдік бұрынғы балабақша ғимаратын пайдаланып отырған мекемелермен ғимаратты қайтадан мемлекет меншігіне сатып алу үшін келіссөздер жүргізіп жатқандығын айтты.

Сағат 10.30

Сәния Қалдығұлованың төрағалығымен кәмелетке толмағандар мәселелері жөніндегі комиссия отырысы басталды. Отырыста 3 қыз баланың тәртібі қаралды. Мысалы, З. деген қыз бала сабаққа барудың орнына «денсаулығына байланысты үйде отырған анама көмектескім келді» деген себеппен дүкеншінің көмекшісі болып жұмыс жасаған. Сабақ жайына қалған.

Екінші Ә. есімді 15 жастағы қыз бала комиссияға шеңбер атқан ішін көтеріп келді. Бесіктен белі шықпай жатып жүкті боп үлгерген. Ол аз болса, бұрын шартты мерзімге сотталған бұл бала үйінен қашып кетіп, таныстарының үйін паналаған, сабаққа бармаған. Үшінші З. деген қыз да оқулықтарын бір шетке ысырып қойып, «жақсы киім кигісі келіп», сол үшін ақша тапқысы келіп, «Шығыс» базарында сауда-саттықпен айналысқан. Анасы: «Айтқанымды тыңдамайды, ол өзі соны қалайды, мен оған жұмыс жаса деп талап қоймаймын», — деп жерге қарайды.

Комиссия тәртіпсіз қыздарға, өз балаларына әлі келмейтін аналарға тағы бір мүмкіндік беру керек деген шешім шығарды: Мектепте әрі қарай оқи алмайтындарды жұмыспен қамту орталығына тіркету керектігін, курсқа оқуға жіберу қажеттігін айтты, оқуға мүмкіндігі барына 9-сынып бітіруге кеңес берді, тәртібі аталған комиссияда бірнеше рет қаралса да, қыздарға тағы сенім білдіріп, уәделі сөзін алды, егер тәртіп дұрысталмаса, шешелері аналық құқынан айырылатыны айтылды, мектеп басшылығына әр баламен, әр анамен дербес жұмыс жасау қажеттігі қатаң тапсырылды.

— Бұл комиссияда адамның тағдыры қаралады. Комиссия шешімі бойынша әйелдер аналық құқынан айырылып, балалар жетімдер үйіне жіберіліп жатады. Балалардың осынша тәртіпсіздігі, кей аналардың балаларын бетімен жібергендігі… ойлантады, — дейді С.Қалдығұлова.

 

  • Әңгіме арасында:

С.Қалдығұлованың бөлмесінде гүл көп екен. Ол айтады:

— Қазір туған күнге, қандай да бір мерекелерге байланысты бұрынғыдай бума гүл емес, құтыдағы бөлме гүлдерін сыйға беру сәнге айналды. Ол дұрыс та шығар. Сондай сыйға берілген гүлдерді әдетте үйге әкетпеймін, жұмыс бөлмемде қалдырамын. Неге екенін білмеймін, үйде гүл өспейді, мүмкін менің биоөрісімнің күштілігінен болар… Гүл күтуге көп уақыт бола бермейтіндіктен, топырағын ауыстыру секілді жұмыстарды жасауға арнайы маман шақыртамын. Гүлдердің көпшілігінің атауын білемін. Мысалы, мынау «Әйел бақыты», мынау «Драцена»… «Ақша гүлін» үйге апарып тастадым. Ақшаның үйде болғаны дұрыс, — деп күледі С.Қалдығұлова. Әрине, бұл әзіл.

— Ақша демекші, сыбайлас жемқорлық мәселесі қазір қоғамның дертіне айналды. Сіз басқаратын салада жемқорлыққа жол бермеу үшін қандай жұмыстар жасалып жатыр?

— Жемқорлықтың жолын кесу үшін мемлекеттік деңгейде үлкен жұмыстар жасалып жатыр. Мысалы, қол астыңдағы қызметкердің біреуінің қолы жемқорлықпен былғанар болса, ол үшін басшы да жауап береді. Мен негізінен қаладағы әлеуметтік мәселелер үшін жауап беремін, ал бұл салада сыбайлас жемқорлыққа қатысты жағдай қалалық білім бөлімі тарапынан тек мемлекеттік тапсырыс туралы заңды бұзу ретінде ғана байқалуы мүмкін. Бірақ, ол жерде жемқорлыққа жол берілмейді деп айта аламын. Қазір, мысалы, баланы балабақшаға орналастыру мәселесімен жүгіріп жүрген тұрғындар мемлекеттік мекеме қызметкерлерімен бетпе-бет кездеспейді, құжатын халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары арқылы әзірлейтін болды, балабақшаға кезек арқылы қабылданатын балалардың тізімі ілініп қойылады, яғни баланы біреуге ақша беру арқылы балабақшаға орналастыру деген жоқ.

Сағат 11.00

Кәмелетке толмаған балалар тәртіпсіздігі тақырыбынан дереу Астана күні, яғни мереке өткізу тақырыбына ауысу қажет болды. Өйткені, 11.00-де Ақтөбеде Астана күніне арналған шараларды пысықтау жөніндегі отырыс басталды.

«Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты биыл әр айға ат қойылып, айдар тағылып, соған сай түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Мысалы, маусым айы — «Патриотизм айы» деп аталды, міне, шілде — «Астана айы» басталды, яғни, осы айда өткізілетін шаралар Астана күніне арналатын болады», — дейді ол. Отырысқа мерекені ұйымдастыруға қатысатын барлық құрылым басшылары шақырылды, шаралар жоспары нақтыланды, жауапты адамдардың жасайтын жұмыстары пысықталып, мерекені өз деңгейінде өткізу қажеттігі туралы тапсырма берілді.

—    Мен үшін Астананың орны бөлек, — дейді С.Қалдығұлова, — 1999-2004 жылдар, яғни, мен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып жұмыс жасаған жылдар Астананың қалыптасу кезеңі болды деуге болады. Ол уақытта Есілдің сол жағалауындағы әдемі ғимараттар әлі салынбаған болатын. 2004 жылы Ақтөбеге қызметке ауысқаннан кейін  Астанаға баруға тек 2008 жылы ғана жол түсті. Елордамыз 4 жылдың ішінде адам танымастай өзгерген, нағыз еуропалық шаһарға айналған. Тіпті бір сәт Астанадан кетіп қалғаныма өкінгендей де болдым. Содан соң Астанаға араға үш жыл салып, яғни биыл тағы бардым. Бас қаламыз бұрынғыдан да әдемі боп кетіпті. Іссапармен бір күнге ғана барғаныма қарамастан, Астананы аралап шығуға, әдемі ғимараттарды, қаланың сәулет құрылыстарын — барлығын қарап шығуға тырыстым. Қаланың сәулеттік келбеті жыл өткен сайын өзгеріп, сұлуланып барады, — дейді С.Қалдығұлова.

Түскі үзілістен соң. Сағат 14.30.

 

Түскі  үзілістен кейін С.Қалдығұлова жолшыбай өзінің Ақтөбедегі ең сүйікті орны — ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы саябаққа соқты. Бұл жерде қала әкімінің орынбасары аталған саябақ директоры Мейіржан Әлжановпен кездесіп, Астана күні өткізілетін шаралар өтетін орынның дайындығын тағы бір пысықтады.

— Менің Ақтөбедегі ең сүйікті орным осы жер, — дейді саябақты нұсқап, — алыстан достарым келгенде оларды міндетті түрде алдымен осында алып келемін.

… Саябақтан кейін «тынымсыз» орынбасар таңертең ғана пысықталған жұмыспен қамту орталығына бас сұқты. Ол қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Нәйлә Бөртебаева мен аталған орталықтың директоры Нұрия Әбіләкімовамен пікірлесіп, жұмысты жүйелі жүргізуге қандай кедергілер бар, дайындық мәселесі қалай деген сұрақтар төңірегінде әңгімелесті.

 

Әңгіме арасында:

Әкімнің орынбасары болып қызмет ету оңай емес. Әсіресе, әлеуметтік саланы басқаратын адам үшін, әсіресе, әйел адам үшін…

Гендерлік саясат дейсіз бе?.. Гендерлік саясат жөнінде үздіксіз пікірталастыруға болады. Әйел адамға жауапты лауазымды қызметте жұмыс жасау өте қиын. Қалай болғанда да, оның нәзік иығына отбасы, үй шаруасы, бала-шаға, бәрі бірдей артылады, екінші жағында қызметі тұрады. Ал ер адам жұмыстан үйге келгенде алдында бәрі даяр тұрады — киімі дайын, асы пісірулі, үйі жинаулы, балалары бағулы. Мен де жұмыстан соң үйге барып, барлық әйел жасайтын жұмыстарды атқарамын — үй жинаймын, еден жуамын, ас әзірлеймін, кір жуамын… Өз үйімнің жұмысын біреуге артқан емеспін, ешқашан үй күтушісін ұстағаным жоқ, тіпті Мәжіліс депутаты болғанда да үй шаруасын түгел өзім жасадым. Егер мен үй жинамасам, тамақ пісірмесем, бір тәрелкені жумасам… онда әйел ролін біржола ұмытамын ғой?..

— Лауазымды қызметте жүрсіз, Мәжіліс депутаты болдыңыз. Ер адамдар әйел адам ретінде Сізге қандай да бір мәселелерді шешу барысында жол бере ме?

— Егер әйел ақылды, істің мәнін білетін іскер болса, жол береді. Жиырма жылдан бері осы салада қызмет етіп келе жатырмын, жігіттер қарсылық білдіріп көрсін… — дейді әзілдеп С.Қалдығұлова.

 

Сағат 16.00

С.Қалдығұлова қала әкім А.Мұхамбетовтің төрағалығымен өткен сыртқы жарнама жағдайы туралы мәжіліске қатысты. С.Қалдығұлованың түске дейінгі түрлі қабылдаулар мен отырыстар арасында осы мәжілістің қағаздарын өз қол астындағы қызметкерлермен бірге әзірлегенін көрген болатынбыз. Мәжіліс барысында қала көшелерінде белгіленген заң талаптарына сәйкес келмейтін көптеген жарнама құрылғыларының көптігі айтылды және бұл кемшіліктерді жою үшін бірнеше адамға нақты тапсырма берілді. Соның ішінде қала әкімінің орынбасары С.М. Қалдығұловаға – облыс пен қаланың сәулет органдарымен бірлесе отырып сыртқы жарнама саласындағы бұртұтас қалалық саясатты жүзеге асыру бойынша жарнама таратушылардың қызметін үйлестіруге, өз өкілеттіліктері шеңберінде ҚР «Жарнама туралы» Заңын орындауға бақылау орнатуға және ҚР «Жарнама туралы» Заңын бұзғандарға жауапкершілік шараларын қабылдауға тапсырма берілді.

 

Әңгіме арасында:

  • Жұмыс күндері достарға, туыстарға баруға уақытым бола бермейді. Достарыма әдетте жұма күні кешкісін барамын.Олардың кең, жайлы жер үйі бар, сонда барып кәуап дайындап, самаурыннан шай ішуге болады.

Жексенбіні тек өзіме арнаймын. Саунаға барамын, содан соң жиырма жыл бойы барып келе жатқан сұлулық салонына бір кіріп шығамын. Супермаркетке барып, алдағы аптаға азық-түлік аламын…

Әкем әскери адам болғасын шығар, түрлі детектив сериалдарын қарағанды, осы бағыттағы әдебиеттерді оқығанды ұнатамын.

  • … Менің пікірімше, әр адамның жалақысы, әрине, соншалықты керемет өмір сүру үшін емес, қарапайым тірлігіне жететіндей болуы керек. Мысалы, менің қолыма алатын таза жалақым — 100 мың теңге. Белгілі бір деңгейдегі мемлекеттік қызметкер үшін бұл аз деп есептеймін. Бірақ, адамдар менен де аз жалақы алып отырған кезде маған жоғары жалақы қою керек деп айтуға еш қақым жоқ. Бір жағынан, менің өзіме бұл толығымен жетеді, өйткені, мен бала тәрбиелеп, оны оқыту үшін ақша төлеу керек деп қиналмаймын, өзім тұрамын. Әрі күн ұзаққа жұмыста болғандықтан, коммуналдық төлем де соншалықты көп шықпайды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button